Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік саты құру туралы идеяны алға тартқан болатын. Аталған бағыттағы шараларды іске асыру мақсатында, Президенттік жастар кадрлық резервіне өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен басталды.

Осы жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады. Себебі, жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадрлық резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады.

Аталған резервке құжаттарды қабылдау үшін автоматтандырылған PKRezerv.kz онлайн-платформасы іске қосылды.

Үміткерге  міндетті түрде сайтта өзінің жеке мәліметтерін, аты-жөнін, тегін, ЖСН, іріктеу кезеңдерінен өтуге қолайлы тілді таңдап өзінің ұялы телефоны мен электронды поштасын көрсету қажет. Сонымен қатар, ақпараттарды өңдеп сақтау туралы келісіммен танысып, тиісті талаптарды қабылдауы керек.

Талаптарды қабылдамайынша үміткер Президенттік жастар кадрлық резервіне қатыса алмайды.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – жасы 35-тен аспауы қажет, жоғары білімі және жалпы жұмыс тәжірибесі 5 жыл болуы тиіс.

Іріктеуге қатысу үшін 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында PKRezerv.kz сайтында тіркеліп,  осы сайттағы жеке кабинетіңізді толығымен толтырып, келесі құжаттарды жүктеу қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білім туралы дипломдардың көшірмесі, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі және ұсыным хаттар. Ұсыным хаттарды кандидат жұмыс істейтін және/немесе жұмыс істеген ұйымның басшысы, ұлттық компания, ұлттық холдинг, ұлттық даму институты басқармасының төрағасы немесе оның орынбасары, мемлекеттік саяси қызметші, орталық атқарушы органның жауапты хатшысы, орталық немесе жергілікті мемлекеттік орган аппаратының басшысы, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің, Парламент Сенатының депутаты, облыстық мәслихат хатшысы бере алады.

Іректеудің кезеңдеріне тоқтайтын болсақ, 1 қыркүйектен – 30 қыркүйекке дейін қатысушылардың құжаттарын  www.pkrezerv.kz сайтында қабылдау жүргізіледі.

12 қазанда - «Қабілеттерді тестілеу» кезеңі болады. Бұл кезең кандидаттардың талдамалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға бағытталған. Тестілеуден өтудің алдында кандидат тестілеуді өткізу тәртібімен танысатын болады.

Тестілеу 1 күннің ішінде кандидат үшін ыңғайлы кез келген уақытта автоматтандырылған жүйеде өткізіледі. Тестілеу уақыты шамамен 1,5 сағатты құрайды.

 Тестілеу тапсыру үшін компьютер немесе ноутбук және интернет желісіне тұрақты қолжетімділік болу қажет (жылдамдығы кемінде 5 мгб).

Тестілеу барысында жоғары нәтижелерді жинаған кандидаттар келесі «Тестілеуді верификациялау» кезеңіне жіберіледі. Бұл кезең 19 қазанда өткізіледі.

«Тестілеуді верификациялау» кезеңі алдыңғы «Қабілеттерді тестілеу» кезеңіне ұқсайды және тестілеу үдерісі видео және аудио тіркеуді қамтиды.  Бұл тестілеуге шамамен 45 минут беріледі.

Бұл кезеңді тапсыру үшін де интернетке тұрақты қолжетімділіктің және тест тапсыру үшін қолайлы жағдайдың бар екендігіне алдын ала көз жеткізіп алу қажет.

Ең жоғары нәтижелерді жинаған кандидаттар «Әлеуетті бағалау» кезеңіне жіберіледі. Бұл кезең 22-26 қазан аралығында өткізіледі.

Бұл кезең ұзақтығы 5 минуттан аспайтын жобаларды видео көрсетілім форматында өтеді. Кандидаттарға жобаны және оның видео көрсетілімін дайындауға уақыт беріледі.

Жобаны көрсету мүмкіндігі: 1 (бір) рет қана. Жобаны көрсету уақыты: 5 минуттан аспайды. Жобаның көлемі: 5 слайдтан аспайды.

Кандидаттарға интернетке тұрақты қолжетімділіктің (жылдамдығы кемінде 5 мгб), қосулы web-камера мен микрофонның, сондай-ақ жобаны көрсету үшін қолайлы жағдайдың болуына алдын ала көз жеткізіп алу қажет. Жобаны көрсету онлайн тәртібінде жүзеге асырылады және аудио-видео жазбамен сүйемелденеді.

Келесі кезең, ол 27 қазанда өткізілетін Эссе жазу кезеңі. Эссе жазу кандидаттардың өз ойын сауатты және қисынын келтіріп жеткізу қабілеттерін бағалау мақсатында кандидаттарды іріктеудің қажетті кезеңі болып табылады. Эссе жазар алдында кандидат эссеге қойылатын талаптармен және эссені бағалау тәртібімен танысатын болады.

Эссе жазу мүмкіндігі: 1 (бір) рет қана. Эссе жазу уақыты: 45 минуттан аспайды. Эссенің көлемі: кемінде 500 сөзден аспауы тиіс.

Ол үшін қосулы web-камера мен микрофонның, сондай-ақ эссе жазу үшін қолайлы жағдайдың болуы қажет. Эссе жазу онлайн тәртібінде жүзеге асырылады.

28 қазан - 3 қараша аралығында құзыреттерді бағалау кезеңі өтеді. Кандидаттардың құзыреттерін бағалауды «Aссecмент Орталық» (Assesment Center) әдісі бойынша құзыреттерді жаппай бағалау құралдарын пайдалану арқылы сарапшылар жүзеге асырады. Кандидаттарға осы кезеңнен өту үшін кестеге сәйкес белгіленген уақытта Бағалау орталығына уақытылы келу қажет.

Accecмент Орталықтан өту мүмкіндігі: 1 (бір) рет қана. Кандидаттың Бағалау орталығында болу уақыты 6 сағатқа дейін. Бұл кезең Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Одан кейін, 27 қараша - 13 желтоқсан аралығында Сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу болады.

 «Әлеуетті бағалау» кезеңінің нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған кандидаттар Сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылатын болады. Сараптамалық комиссияның мүшелері кандидаттарды іріктеудің нәтижелерімен, сондай-ақ олар туралы сенімсіздік тудыратын мәліметтердің болуы/болмауы туралы мәліметтермен (уәкілетті органдарға сұратулардың, мемлекеттік органдардың деректер қорының негізінде) таныстырылады.

Осы кезеңнен өту үшін кандидаттарға кестеге сәйкес белгіленген уақытта сұхбаттасу өткізілетін орталыққа келу қажет. Әңгімелесу уақыты 30 минутқа дейін созылады.

Сараптама комиссиясы өткізген сұхбаттасудың және кандидаттар туралы мәліметтерді талдаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын кандидаттардың тізімі қалыптастырылатын болады.

Соңғы кезеңде «Сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу» кезеңінің нәтижелері бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдауға ұсынылған кандидаттар Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қаралатын болады. Бұл кезеңде кандидаттардың қатысуы көзделмейді.

Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау туралы нәтижелер кандидаттың Жеке кабинетінде жарияланатын болады.

Оған қоса, іріктеудің әр кезеңінен кейін PKRezerv.kz сайтында және Мемлекеттік қызмет істері агенттіктігінің сайтында келесі кезеңге өткен үміткерлердің тізімі жарияланып тұрады.

Үміткерлерді бағалау кезеңінде шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін салалық сарапшылар тартылатын болады. Олар іріктеу процестерінің ашықтығы мен объективтілігін қадағалайтын болады.

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша

департаменті басшысының орынбасары

Т.Медет