Ынтымағы  мен  бірлігі жарасқан еліміз тағы бір жылды артқа тастап, жаңа 2019 жылды қарсы алғалы тұр.  Жағымды жаңалықтар мен толағай табыстарға толы болған мешін  жылына  алғысымыз шексіз.


Жаңа жыл – барша адамзаттың тағатсыздана күтетін  жарқын мерекесі. Әсіресе,  балалар үшін ең ерекше,ең думанды мереке. Аяз ата мен Ақша қарды , түрлі ертегі кейіпкерлерін асыға күтеді.  «Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 25 желтоқсан күні  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларына арналған қала әкімінің Жаңа жылдық шыршасы өтті.


Жаңа жылдық шыршаға қала әкімі Камзин Қайрат Амангелдіұлы, әкім орынбасары Казиева Ботагоз Ануаровна , білім бөлімінің басшысы мен әдіскерлері, қала мектептерінің мұғалімдері мен  135  оқушы қатысты.


«Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ерекше безендіріліп,  балалардың мерекелік көңіл күйін еселей түскендей. Көздің жауын алар жаңа жылдық костюмдерімен келген балалар кештің сәні болды.


Балалар үшін жаңа жыл — бұл нағыз ертегі. «Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының әзірлеген «Шыршалар шамын жаққанда» атты ертегісі балалардың көңілінен шығып, нағыз ертегіге енгендей болды. Ертегіден соң қаламыздың әкімі Камзин Қайрат Амангелдіұлы барлық жиналған ата-аналар мен балаларды келе жатқан Жаңа 2019    жылымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Балалармен бірге шырша әнін орындап, көңілді би де биленді.


Жаңа жыл-бұл әрқашанда жағымды тосын сыйлар мен сыйлықтарды күту. Мереке соңында балаларға    тәтті сыйлықтар, пенни борд және де қыстық күртелер мен етіктер табыс етілді.